Ақмола облысы білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сәйкес 2021 жылғы 22 ақпанда Атбасар, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Есіл, Жарқайың, Жақсы, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтеріне 2019-2022 оқу жылына арналған Ақмола облысының мектепке дейінгі ұйымдарындағы ұзақ мерзімді инновациялық-жобалық қызмет бойынша «Мектепке дейінгі ұйымдағы жобалау қызметі» тақырыбында облыстық аймақтық онлайн семинар-практикум өтті.
Аталған семинар-практикум жобалау қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек көрсету және тәжірибе алмасу, зерттеу жұмысы процесінде проблемаларды анықтау, ата-аналарды жобалау қызметіне тарту бойынша көмек көрсету, зерттеу барысында тәрбиешілер мен балалардың өзара әрекеттесуі мақсатында ұйымдастырылды. Семинарға облыстың 35-тен астам педагогі қатысты.
Ақмола облысы білім басқармасының облыстық-оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Л. С. Құрманғалиева алғысөз сөйледі. Ләззат Сұрағанқызы өз сөзінде мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері мен тәрбиешілерінің зерттеу қызметі арқылы педагогтердің кәсібилігін арттыру мәселелері жайлы айтып өтті.
Бурабай, Жарқайың, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласының педагогтері балабақшаларда жобалық-зерттеу қызметін жоспарлы, жүйелі ұйымдастыру, жұмыстың түрлері мен әдістері мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті, материалдарды жалпылау, талдау және жүйелеу мәселелері және ата-аналарды әртүрлі қызмет түрлеріне тарту бойынша пікір алмасты.
Семинар соңында алдағы бірлескен жұмыс үшін әдістемелік ұсынымдар қабылданды.