2021 жылғы 11 наурыз күні Ақмола облысы білім басқармасының «Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» КММ ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын оқу-тәрбие үрдісінде іске асыру бойынша Ақмола облысындағы пилоттық жобаның қорытындылары» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға 80 адам қатысты: мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдері, 2017-2020 жылдары пилоттық жобаны іске асырған базалық ұйымдардың директорлары, директорлардың орынбасарлары мен педагогтері, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша жетекшілік ететін қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Өрлеу» БАҰО АҚ тренерлері, Ақмола облысының өзін-өзі тану бойынша өңірлік жұмыс тобының мүшелері.
Облыстық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық бөлімінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Мариям Қахарманқызы Таипова сөз сөйледі.
Конференцияда Ақмола облысының пилоттық ұйымдарының қызметі туралы бейнематериал және пилоттық жоба кезеңіндегі жетістіктер туралы есептер ұсынылды.
Практикалық бөлімде конференцияға қатысушылар «Өзін-өзі тану» пәнінің білім беру үрдісінің тиімділігін арттыру бойынша үш бағыт бойынша тәжірибе алмасты: педагогтармен, оқушылармен және ата-аналармен жұмыс.
Конференция қорытындысы бойынша «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша оқыту мен тәрбиелеудің тиімді үрдісін ұйымдастыру үшін ұсынымдар қабылданды.