2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңашылдық - колледж оқытушыларының біліктілігін арттыру аясында кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін енгізді. Колледж педагогтерін білім беру процесіне одан әрі енгізілетін жаңа технологияларға оқыту мақсатында келісім шарттар жасалды.
Оқытушылар «Атамекен» ҰКП ұсынған кәсіпорындар базасында немесе колледждер ынтымақтасатын жұмыс берушілердің ұйымдарында тағылымдамадан өтеді. Кәсіпорындарда тағылымдама кезінде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері өздерінің практикалық құзыреттерін жетілдіреді және жұмыс берушілермен бірге колледж түлектерінің қандай дағдыларды меңгеру керектігін анықтайды. Содан кейін аудиториялық оқыту кезінде педагогтер еңбек нарығының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің сұраныстарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларына өз өзгерістерін енгізеді. Сондай-ақ педагогтер колледж жанындағы құзыреттілік орталықтарында біліктілігін арттырудан өте алады. Бұл орталықтар «Жас маман» жобасы аясында құрылған және олардың барлығы қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған.
«Талап» КЕАҚ ө/о оқытушылары мен шеберлеріне «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында академиялық дербестікті ескере отырып, білім беру процесін модельдеу», колледж басшылары мен орынбасарларына «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқу жұмысының тиімділігі» курстарының білім беру бағдарламаларын әзірледі. Оқытудың жаңа форматы бойынша Ақмола облысы колледждерінің 126 педагогы мен 20 басшысы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Курстар аралас нұсқада өтеді. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар студентті бағдарлы оқытуды іске асыруға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған құзыреттерге ие болады.
ООӘК ТжКОБ бөлімі