2022 жылғы 13 мамырда Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясы базасында география пәні мұғалімдерінің бірінші республикалық съезінің қорытындысы бойынша «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарастар» тақырыбында география пәні мұғалімдерінің облыстық форумы өтті. Форум жұмысына Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Балапайқызы Дүйсенова қатысты.
Форумға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «География, экология және туризм» кафедрасының аға оқытушысы, доцент Карима Паритовна Канитаева, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері және облыс педагогтары шақырылды.
Секциялар жұмысы шеберлік сағаттар мен коучингтер форматында келесі бағыттар бойынша өткізілді:
1. Мектептегі географиялық білімнің мазмұны.
2. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау.
3. Мектептегі географиялық білімнің практикалық компоненті.
4. Педагогтің кәсіби шеберлігі– сапалы білімнің кепілі.
Пленарлық отырыста Целиноград ауданы Қажымұқан ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің география пәні мұғалімі, педагог-шеберіЛәззат Кәрімқызы Орынбекова география пәнінде карталарды қолданудың маңыздылығын, Көкшетау қаласының №21 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі, педагог-зерттеушісі Гудзюк Глена Владимировна географияны оқытуда өлкетану тәсілі өте маңызды екенін атап өтті; Атбасар ауданы Атбасар қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебінің география пәні мұғалімі,география ғылымдарының кандидаты, педагог-зерттеушіЛомакина Светлана Сергеевна мектеп білімінде географиялық мәдениеттің маңызды мәселелерін және оларды шешу жолдарын ұсынды.
Секция жұмысында географиялық білім беру мазмұны, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, мектептегі географиялық білім берудің практикалық құрамдас бөлігі мәселелері қарастырылды. Облыс педагогтерігеография сабағында функционалдық сауаттылықты дамыту, заманауи білім беру технологияларын қолдану және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жұмыс тәжірибесін ұсынды.
Педагогтерге«Ашық микрофонға» қатысуға мүмкіндік берілді.
Форум қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.