2022 жылғы 26 мамырда Республикалық съезд аясында Көкшетау қаласының «Bolashaq saraiy» базасында облыстық оқу - әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәні мұғалімдері мен көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің форумы өтті.Аталмыш шараға Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Жүсіпов Бейбіт Айтымұлы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен облыстың 220-дан астам педагогы қатысты.
Форумды өткізу балалар жылына арналған маңызды іс - шара ғана емес, сонымен қатар білім беру ұйымдарында көркем-эстетикалық бағыт бойынша білім беру қызметтерін ұсыну сапасын одан әрі арттырудың тетігі болып табылады.
Пленарлық отырыста келесі педагогтер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті:Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Дильбар Танзиповна Бакубаева; Көкшетау қаласының «Bolashaq saraiy» Оқушылар сарайының «Жұлдыздар» вокалдық студиясының педагогы Аридаш Жарасбайқызы Хамзина; Жақсы ауданының Тарасовка ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Наталья Григорьевна Кулик; Бурабай ауданы Щучинск қаласының Балалар өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, бейнелеу өнерінің оқытушысы Мария Карангуровна Балгужина.
Секциялық отырыстарға қатысушылар білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларына, «Музыка» және «Көркем еңбек» пәндерінің мазмұнына, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, балалар мен жастарды тәрбиелеу саласында бірлескен жұмыс құру жолдарына бағытталған мәселелерді талқылады.
Педагогтерге«ашық микрофонға» өтіп, өздерінің сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді.
Форум соңында көркем-эстетикалық бағытты одан әрі айқындайтын ұсынымдар қабылданды.