2017 жылғы 20 қазан күні "Достық" білім беру орталығының базасында ЖШС "Educon" лекторларының қатысуымен «қиындығы жоғары есептерді шешу техникасы» бойынша шеберлік сағаты өтті.
Семинар бағдарламасында келесі мәселелер талқыланды: олимпиада тапсырмаларын құрастыру және орындау үшін қажетті білім алу; оқушыларды олимпиадаларға дайындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру әдістемесімен педагогтарды таныстыру; мұғалімдердің пәндік құзыреттілігін арттыру, тест тапсырмаларын шешу бойынша ұтымды, тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдану.
Семинар жұмысына 17 аудан мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан жоғары және бірінші санаттағы математика пәнінің мұғалімдері, "Білім - инновация" лицейінің, "Достық" білім беру орталығының оқытушылары, барлығы 36 педагог қатысты. Сонымен қатар семинар қатысушылары "Математика" Республикалық журналында жарияланған М. Рысбектің шешімдері бар тапсырмалары мен II, III республикалық олимпиадалардың тапсырмаларын алды.
Семинарда шеберлік сағаттары көрсетілді. "Қиындығы жоғары есептерді шешу ерекшеліктері" тақырыбында Ашуова Б. С., Колубекова О. И және т.б. өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинардың соңында мұғалімдерге жоғары санатты педагог Ш. М. Ганиева коучинг өткізді.
Семинарда әрбір қатысушының әдістемелік жинағы қағаз және электрондық жеткізгіштер түріндегі қажетті дидактикалық таратпа материалдарымен толықтырылды.